Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар
Кәсіпорын қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандардың әуежайда болуын барынша жайлы ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
Қарағанды қаласының халықаралық әуежайында авиатасымалдарды ұйымдастыру қызметінің агенттері әуежайға келгеннен кейін клиенттерді қарсы алып, әуе кемесінің бортына қонғанға дейін, сондай-ақ ұшып келген кезде борттан алып жүре отырып, қозғалу кезінде қиындықтарға тап болған жолаушыларға барынша көңіл бөледі. Қажетті формальдылықтарды жылдам әрі ыңғайлы өтуге жәрдемдеседі, атап айтқанда, тіркеуден, кедендік және паспорттық бақылаудан кезектен тыс өтуге, багажды алуға және ресімдеуге жәрдем көрсетеді. Әуежай қызметтерді тегін ұсынады.
Жекелеген жағдайларда жолаушылардың көрсеткіштері бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдауға қабылдау мүмкіндігі туралы медициналық қорытынды талап етіледі
Сізге ыңғайлы болу үшін арнайы тұрақ орындары, пандустар, дәретхана бөлмелері құрылған, қажет болған жағдайда әуе кемесіне дейін және ұшақ бортында қозғалу үшін мүгедектер арбалары ұсынылады. Сондай-ақ, сіз медициналық пункттен көмек сұрай аласыз.
Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 13 желтоқсандағы № 1522 қаулысынан үзінді
31. Науқасты зембілмен тасымалдау оған тарифті қолдану шарттарына сәйкес ақы төлене отырып, әуе кемесінде қосымша орындар беріле отырып жүргізіледі.
32. Мүгедекті арбамен (жиналмалы кресломен) және науқасты зембілмен тасымалдау осы жолаушыны ұшуда күтіп-бағуды қамтамасыз ететін адамның ілесіп жүруімен жүргізіледі. Науқасты зембілмен тасымалдау оған авиакомпания белгілеген төлеммен әуе кемесінде орын беру арқылы жүргізіледі.
Авиакомпания немесе агент мүгедекті арбамен (жиналмалы кресломен) немесе науқасты зембілмен тасымалдау кезінде әуе кемесінің бортынан (бортына) жеткізу үшін осындай жолаушыны тасымалдау туралы әуежайды алдын ала хабардар етеді.
33. Жүкті әйелдер авиакомпанияға билетте көрсетілген рейсті орындау күніне әуе тасымалына қарсы көрсетілімдердің жоқтығы туралы медициналық ұйымнан медициналық қорытынды берген кезде тасымалдауға қабылданады.
67. Көзі көрмейтін жолаушымен бірге жүретін жетелеуші иттер, егер мұндай иттің жағасы мен тұмылдырығы болса және ол иесінің аяғына байлаулы болса, тегін, торсыз, багажды тегін алып жүру нормасынан тыс тасымалданады.
"Қазақстан Республикасының әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы"Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1512 қаулысына өзгерістер енгізілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 22 қаңтардағы №24 қаулысынан үзінді
7. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету тәртібі
26. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету келесі тәртіпті қамтамасыз етеді:
1) көзі нашар көретін және жетелеуші иттің алып жүруімен мүгедектігі бар жолаушыны тіркеу авиакомпанияның ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады;
2) жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдау кезінде тіркеу желісі бойынша тиісті рәсімдер жүргізілгеннен кейін авиакомпанияның/әуежайдың өкілі оларды әуе кемесіне (нен) ертіп жүреді және құжаттармен бірге оны/оларды тікелей экипажға береді;
3) агент шекаралық, кедендік бақылаудан және ресімдеудің басқа да рәсімдерінен өтуге көмек көрсетеді.
Авиакомпанияның ережелеріне сәйкес мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қызмет көрсетуді агент жүзеге асырады.
Кресло-арбаны пайдаланатын адамдарды тасымалдау кезінде авиакомпанияның/әуежайдың өкілі әуе кемесінің салонында тасымалдауға арналған арнайы креслоны ұсынады.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарды әуе кемесіне отырғызуды әуежай өкілі жолаушылардың негізгі бөлігінің отырғызылуы жарияланғанға дейін бірінші кезекте және әуе кемесінен түсіруді соңғы кезекте жүргізеді.